Accessibility links

АҚШ жетім қыз балаларды жәбірлеген өзбек экс-шенеуніктеріне санкция салды


АҚШ қаржы министрлігі Өзбекстан үкіметінің бұрынғы үш лауазымды қызметкеріне "жетім балаларды саудаға салып, оларды бірнеше рет зорлау қылмысына қатысқаны үшін" санкция салды.

Санкция туралы шешім халықаралық құлдыққа қарсы күрес күні, 2 желтоқсанда қабылданған.

АҚШ санкциясына Өзбекстанның Хорезм қаласындағы балалар үйінің бұрынғы директоры Юлдуз Құдайберганова, Хорезм облысы әділет басқармасының бұрынғы басшысы Айбек Машарипов және төтенше жағдайлар бөлімінің бұрынғы басшысы Анвар Курязов ілінді.

АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасының дерегі бойынша, Құдайбергенова 10 ай бойы кәмелетке толмаған қыздарды ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Ер адамдар ақысына тауарлар мен ақша берген. Құдайбергенова айтқанына көнбей, қарсылық білдіргені үшін қыздарды ұрып, қорқытып, басқа балалардан бөлек жерде ұстап, тамақ бермей қинаған.

Машарипов пен Курязов қыз балалармен жыныстық қатынасқа түсу пиғылымен оңаша кездесу мүмкіндігіне ие болу үшін балалар үйіне "сыйлықтар" жеткізіп береміз деген желеуді пайдаланған деп жазылған құжатта.

АҚШ үкіметі бұл санкцияны 2016 жылы қабылданған "Ғаламдық Магнитский актісі" аясында қолданып отыр. Бұл заң АҚШ үкіметіне адам құқықтарын бұзуға қатысы бар тұлғаларға қаржы санкциясын салуға және оларды визадан шектеуге мүмкіндік береді. Санкцияға ілінгендердің АҚШ юрисдикциясына бағынышты аумақтағы қаржысы бұғатталып, өздеріне АҚШ жеріне кіруге тыйым салынады.

Өзбекстан соты Хорезм облысы Үргеніш қаласындағы балалар үйінде тәрбеленген кәмелетке толмаған қыздарға қатысты жасалған қылмыс туралы істі 2022 жылы күзде қараған. Ол кезде сот Құдайбергенованы адам саудасына, талан-таражға және қызмет лауазымын пайдаланып жалған мәлімет жасағаны үшін айыпты деп танып, бес жарым жылға бостандығынан айырған. Ал кәмелетке толмаған қыз баламен және жасы 18-ге жетпеген қызбен жыныстық қатынасқа түскен деген айып тағылған Машарипов пен Курязовтың бостандығын 1,5 жылға шектеген.

Прокуратура жаза тым жеңіл деп, сот үкімін өзгертуді сұрап, апелляциялық шағым берген. 2022 жылы желтоқсанда апелляциялық сот алдыңғы үкімді күшінде қалдырған.

2023 жылы зорлық-зомбылыққа қарсы "NeMolchi.uz" жобасы Үргеніштегі қылмыс пен ол бойынша шығарылған сот үкімі жайлы ақпаратты жариялағаннан кейін бұл іс қоғамда шу болды. Белсенділер мен құқық қорғаушылар соттың шығарған үкімін сынға алып, істі қайта қарауды талап етті.

2023 жылы қарашада апелляциялық сот бұрынғы екі шенеуніктің жазасын қатайтты: олардың әрқайсысын 3 жылға бас еркіндігінен айырды.

Сот істі қайта қарап, үкім шығарғаннан кейін Nemolchi.uz жобасының негізін салушылардың бірі Ирина Матвиенко осы іске байланысты Қылмыстық кодекстің бабы қаншалықты дұрыс қолданылды деген мәселе көтерді. Қоғамдық белсенді айыпкерлердің іс-әрекетін "қылмыстық пиғылмен сөз байласып, кәмелетке толмағандарды топ болып зорлау" деп қарастыру керек екернін жазды. Заңдағы ондай бапта қылмыскерді 15 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы белгіленген.

Бұл мәселеге байланысты берген жауабында Өзбекстан бас прокурорының орынбасары Светлана Артикова бұрынғы шенеуніктерге айып тағылған кезде Қылмыстық кодекстегі бап дұрыс қолданылған, себебі "зорлау фактісі расталған жоқ" деп мәлімдеді.

Ал биыл ақпанда бұл іске қатысты тағы бір жайт: әділет министрлігінің сотталған бұрынғы екі шенеунігі жазасын абақтыда емес, қоныс колониясында өтеп жатқаны белгілі болды.

Мұндай ақпаратты көпшілікке жеткізген Өзбекстандағы "Эзгулик" (Ізгілік) құқық қорғау ұйымының төрағасы Абдурахман Ташанов бұл жағдайды "қоғамды алдау" деп атады.

"Басқаша айтқанда,педофилдерді түрмеге отырғызбай, жазасын өтеуге қоныс колониясына жібереді екен. Одан да сорақысы, үкімде кесілген мерзімнен олардың бірінші соттан бастап үйде болған уақыты шегеріліп тасталыпты. Біздің соттардың қулығы соншалық, олар қоғамды "педофилдер үш жыл түрмеде отырады" деп сендіріп қойған. Бірақ іс жүзінде олар қоныс колониясында барлық жағдайды пайдаланып тұрып жатқанына екі жылдан асты...", – деді Ташанов.

Бұған қатысты Ташкент қалалық сотының баспасөз қызметі бұрынғы шенеуніктер түрмеде отырған жоқ, өйткені олар жасаған қылмыс "қоғамға үлкен қауіп төндірмейді" деп мәлімдеген.

Сот қылмыс жасаған бұрынғы шенеуніктерге Қылмыстық кодекстің 128-бабы ("16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу") және 128-баптың 1-бөлігі ("16-18 жас аралығындағы адаммен материалдық бағалы зат немесе мүліктей пайда ұсыну жолымен жыныстық қатынас жасау") бойынша айып тағылған, ондай іс-әрекеттер әлеуметтік қауіп-қатері төмен қылмыс түрлеріне жатады деп түсіндірді.

"Сондықтан, сотталған адамдар жазасын қоныс колониясында өтеп жатыр", – деп хабарлады Ташкент қалалық сотының баспасөз қызметі.

"Бүгінгідей іс-әрекеттер мемлекеттік қызметкерлер гендерлік зорлық-зомбылық пен адам саудасы жүйесін сақтап қалу үшін қолындағы билігі мен жағдайын пайдалануының қайғылы салдарын бадырайтып көрсетті", – деп мәлімдеді осы іске және санкция салуға байланысты түсініктеме берген АҚШ қаржы министрінің терроризммен күрес және қаржы барлауы жөніндегі орынбасары Брэдли Т.Смит.

"АҚШ қызмет міндеті бойынша қорғауға тиіс жандарды қанауға салған жауапты тұлғаларды жауапқа тарту ісінен айнымайды", – деді ол.

Өзбекстандық экс-шенеуніктерге санкция салуға негіз болған АҚШ заңы 2012 жылы қабылданған және ол ресейлік заңгер Сергей Магнитскийдің құрметіне соның есімімен аталады. Бұл заң Ресей түрмесінде қаза тапқан заңгердің өліміне қатысы бар адамдарды жазаға тарту мақсатымен қабылданды. Арада төрт жыл өткенде бұл заң ғаламдық ауқымға кеңейіп, АҚШ оны әлем бойынша адам құқығын бұзған және жемқорлық қылмысына қатысы бар тұлғаларға қаржы санкциясын салуға және оларды визадан шектеуге пайдаланады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG