Accessibility links

Шымкенттегі психдиспансерде емделген  қыздарды "зорлады" деген күдікпен екі адам қамауға алынды


Шымкенттегі Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қызды "зорлады" деген күдікпен екі адам ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Азаттыққа 6 желтоқсанда Шымкент қалалық соты хабарлады.

Сот мәліметінше, қалалық тергеу соты "Зорлау" бабымен күдікке ілінген екі адамды екі айға қамауға санкция берген. Қамау туралы шешімге келіспеген күдіктілердің қорғаушылары апелляциялық шағым түсірген, сот оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Сот тергеу амалдарына байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.

Бұдан бұрын Азаттыққа облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қыз "мекеме қызметкерлері күш көрсетіп, бірнеше рет зорлады" деп мәлімдеген. Қыздардың бірі кәмелетке толмаған. Ол зорлықтан кейін бойына бала бітіп, денсаулығына байланысты түсік жасатуға мәжбүр болған.

Полицияға арызданған жәбірленуші тарап күдіктілер ұсталмағанын айтып, тергеуге күмән келтірген еді.

Емдеу мекемесінде зорланғанын бірінші болып айтқан – 22 жастағы келіншек. Күйеуімен ажырасқаннан кейін ауырып жатып қалған оған дәрігерлер "депрессия" диагнозын қойған. Ол орталықта ем қабылдауға жатқан 20 күнде өзін "екі санитар жігіт теледидар тұратын бөлме мен баспалдақ маңында бірнеше рет жеке-жеке зорлағанын", жалғыз өзі ғана емес, тағы үш сырқат қыздың зорланғанын көргенін айтқан. Анасы сол үшеудің біреуінің отбасын іздеп тапқан.

Шымкенттегі психдиспансерде емделген екі қыз бірнеше рет зорлық көргенін айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:05 0:00

Екінші қыздың жасы 17-де. Ол үш жылдан бері Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрады. Дәрігерлер оған "шизофрения" диагнозын қойған. Заңды өкілі әрі анасының айтуынша, қызы үш жылдың ішінде орталықта он жеті рет ем қабылдаған. Кәмелетке толмаған қыз биыл сол орталықтан ем қабылдап шыққан соң "санитарлардан зорлық көргенін" айтқан.

Қалалық диагностика орталығы мен аудандық орталық аурухана оның бойына бала біткеніне 10-11 апта болғанын анықтаған. "Екеуі де қызымның психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жүргенде жүкті болғанын дәлелдейді" деген анасы. Анасы қызының аяғы ауыр екенін білгеннен кейін полицияға арызданған. Қызы денсаулығына байланысты аборт жасатып, құрсақтағы баланы алдырған.

Екі қыз да орталықта биыл шілде-тамыз айында ем алған.

Орталық бас дәрігерінің орынбасары Қабілет Әбеновтің Азаттыққа айтуынша, екі қыз бір мезгілде бір бөлімде ем алған. Олар өздерін зорлады деп көрсеткен екі санитар бақылаушының бірі шу басталғаннан өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Ал екіншісі ақысыз еңбек демалыс алған.

– Күдікке ілінген қызметкерлер мен орталық бөлімшесіне болған жайға байланысты ішкі тексеру жұмыстары жүргізілді. Ішкі тексеру жұмыстарының нақты қорытындысын тергеу амалдары біткеннен кейін ғана шығара аламыз. Тергеу амалдарына қосымша сараптама тағайындалып, тергеу амалдарының шешіміне байланысты әкімшілік шаралар қолданамыз, – деген еді Әбенов.

Бас дәрігердің орынбасарының сөзінше, екі қыз емделген бөлімшедегі барлық бейнебақылау жазбасы тексерілген, олардан зорлау қылмысына айғақ болатындай еш дерек табылмаған. Ал қыздар "жәбір көрдік" деп айтқан теледидар тұрған бөлме мен шатырда бейнебақылау камералары жоқ, орнатылмаған.

Азаттық жәбірленушілер атын атап, түсін түстеген санитар бақылаушыларға бірнеше рет телефон соғып, пікірін білуге талпынды. Бірақ екеуі де байланысқа шықпаған еді.

Шымкент қалалық полиция департаменті Азаттыққа бұл арыз бойынша Қылмыстық кодекстің "Зорлау" бабымен іс тіркелгенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG