Ресей президенті Владимир Путин журналистердің және тұрғындардың қатысуымен жыл қорытындысы саналатын сұрақ-жауап сессиясын өткізді. Ресей азаматтарының президентке сұрақ қою мүмкіндігі деп насихатталатын бұл шарада көбіне елдің ішкі мәселелері қозғалғанымен, Путин бұл жиынды Батысқа және әлемнің өзге елдеріне ой жеткізу амалы ретінде пайдаланады.
Путиннің бұл жиыны АҚШ-тың келесі президенті Дональд Трамп 20 қаңтарда қызметіне кіріскенде Украинадағы соғысқа қалай әсер етеді деген түрлі болжамдар айтылып жатқан тұста өтті. Қазір көпшілікті Трамп соғысты аяқтай ала ма, әлде уақытша тоқтата ма, болмаса одан әрі ушықтыра ма деген сұрақтар алаңдатып отыр.
Путин 4,5 сағатқа ұласқан сұрақ-жауапта Украина мәселесінде мәмілеге бара алатынын бірнеше қайтара білдірген еді, жиын аяқталмай жатып шетелдік баспасөз құралдары "Ресей компромиске дайын" деп хабар тарата бастады.
Бірақ Путин бейбіт келісім идеясын көп шартпен қиындатып отыр. Мәселен, Ресей басшысы Мәскеу Украинаны бағындыру және НАТО мен Батыс елдерінен қауіпсіздік кепілдемесін алу туралы мақсатынан бас тартпайтынын кесіп айтты. Ол сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскийді келіссөз жүргізуге жарайтын легитимді әріптес көрмейді.
“ТРАМППЕН СӨЙЛЕСЕТІН ӘҢГІМЕ КӨП”
Путин Трамппен төрт жылдан бері сөйлеспегенін, бірақ әңгімеге кез келген уақытта дайын екенін айтты. “Трамп қаласа, кездесуге де дайынмын…Сөйлесетін әңгіме табылатынына сенімдімін”, — деді Путин.
Путин әдеттегідей Ресейді диалогқа ашық, конструктивті ел етіп көрсетуді көздеген болуы мүмкін, бірақ сөйте тұра Мәскеуге келіссөзден бас тартып, бұған өзгелерді кінәлауға жол ашып кетті.
Ресей басшысы америкалық NBC тілшісінің “Ресей Украинада үлкен шығынға ұшырап, Сирияда Мәскеудің одақтасы Башар Асад биліктен қуылғанын ескерсек, Путин келіссөздерде Трамппен салыстырғанда әлсіз позицияда болады” деген сөзін жоққа шығарды.
Соғыс үш жылға таяған тұста Ресей майданда ілгері жылжып келеді. Сол себепті болса керек, Путин компромиске баруға аса мұқтаж емесін, бейбітшілік жөніндегі кез келген келіссөзде ұтымды позицияда болатынын білдірді.
2023 жылы Украина күштері қарсы шабуыл бастап, сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, Ресей майданда басымдыққа ие болған.
"Майдандағы жағдай түбегейлі өзгеріп жатыр. Бүкіл майдан шебінде ілгері жылжып жатырмыз. Күнде", — деді Путин.
ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚ
Путин жиі жөткірінгенімен, өзін байсалды ұстауға тырысып, Ресей ұзақ уақыт соғысуға, Украина қару-жарағын сарқып, қорғанысын әлсіретуге дайын екенін мәлімдеді.
"Көп ұзамай соғысуға дайын украиндер таусылады. Жақында соғысқа барғысы келетін ешкім қалмайды. Біз дайынбыз, бірақ қарсы тарап та келіссөздерге, ортақ мәмілеге дайын болуы керек", — деді Путин.
Ол Украинаның майданға жаңа әскер жинау әдісін көшеден қаңғыбас ит аулауға теңеп, Киев соғысқа әскери дайындығы аз сарбаздарды жіберіп жатыр деді. Бірақ дәл осыны жүздеген мың сарбазынан айырылған, Украина қаласын басып аламын деп оның күлін көкке ұшырған Ресейдің өзі істеп отыр дейтіндер көп.
Ресей басшысы "Орешник" зымыранына келгенде Украина мен Батысты келеке ететін ұсыныс айтты. Батыс сарапшылары Ресейдің бұл зымыранын қағып түсіретін қорғаныс жүйелері бар деген сөзін ілік еткен Путин сынақ өткізуді ұсынды.
"Киевтен бір нысананы белгілеп, жанына әуе шабуылынан қорғау жүйелерін қойсын, біз оны атып көрейік" деді ол.
Путин Ресейдің Украинаны тізе бүктіретініне сенімді болып көрінгенімен, ресейліктердің кеудесіндегі “Соғыс қашан бітеді?” деген сұрақ сол күйі жауапсыз қалды.
Путин сұрақ-жауап сессиясының соңына қарай Ресей жауынгерлері үйлеріне оралмайынша, бақытты бола алмайтынын айтты. Бірақ сол уақытқа дейін соғыста қаза тапқан ондаған мың жауынгер үйіне оралмайды. Путин соғыстың қашан аяқталатынын айтпады. Тамызда украин күштері Курск облысының бір бөлігін басып алған. Ресей басшысының Курск облысын толықтай азат етемін деген уәдесінің де қашан орындалатыны белгісіз.
ПІКІРЛЕР