Accessibility links

Оңтүстік Кореяда президентке импичмент жариялау туралы заң жобасы қабылданбады


Парламент ғимараты алдында тұрған наразылар. Сеул, 5 желтоқсан 2024 жыл.
Парламент ғимараты алдында тұрған наразылар. Сеул, 5 желтоқсан 2024 жыл.

Оңтүстік Кореяда басқарушы партияның бойкотына байланысты президентке импичмент жариялау құжаты қабылданбады.

BBC-дің жазуынша, дауыс беру 7 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 21:20-да аяқталған. Дауыс саналғаннан кейін парламент спикері У Вон Сик тиісті дәрежеде кворум жиналмағанын, президентке импичмент жариялау туралы құжатқа 195 депутат қолдап дауыс бергенін айтты. Құжат қабылдануы үшін 200 депутаттың дауысы керек болған.

Сенбі күні президентке импичмент жариялау жобасы қаралайын деп жатқан шақта басқарушы партия өкілдерінің оған бойкот жариялап, парламент отырысынан шығып кеткені белгілі болған еді.

Парламент маңына мыңнан астам жиналып, президентке импичмент жариялап, оны қамауды талап етті. Олар парламент отырысынан кеткен депутаттарды шулап шығарып салса, қайта оралғандарын қуанып қарсы алды деп хабарлады BBC тілшісі.

7 желтоқсанда сәл ертерек президент Юн Сок Ель әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрап, жауапкершіліктен жалтармауға уәде берген еді.

"Қатты өкінемін. Адамдарды үрейлендіргенім үшін шын жүректен кешірім сұраймын" деп жазылған Юн Сок Ельдің кеңсесі таратқан хабарламада. Одан "Ренхап" үзінді келтіреді.

Президентке импичмент жариялау туралы заң жобасын парламентке оппозиция енгізген. Оппозиция партияларының пікірінше, Юн Сок Ель мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған.

Президентке импичмент жариялау талпынысы сәтсіз аяқталғаннан кейін оппозиция партиясы "президент Юн Сок Ель әскери жағдай жариялағаны үшін жазаланады, қалай болғанда да соған күш саламыз" деп мәлімдеді.

3 желтоқсанда президент Юн Сок Ель елде әскери жағдай енгізген. Ол мұны конституциялық құрылымды "коммунистік күштерден" және Солтүстік Кореядан төнген қауіп-қатерден қорғау үшін қажет шара деп түсіндірген.

Бұдан кейін әскер парламентке басып кірмек болып тұрған шақта депутаттар әскери жағдайды алып тастау туралы шешімге дауыс беріп, шешімнің күшін жойды. Осыдан кейін президент парламент шешімін мақұлдауға мәжбүр болған. Ізінше президент пен оның айналасындағылар бүлік жасамақ болды деген күдікке ілініп, оппозиция президенттің отставкасын талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG