Грузия президенті Саломе Зурабишвили жақында Тбилисидегі президент резиденциясының жаңа жылдық безендірілуінен сурет жариялады.
«Орбелиани сарайының алдына пойыз қойыпты. Кім кететінін көреміз», — деп жазды ол Facebook парақшасына.
14 желтоқсанда “Грузин арманы” билеуші партиясының өкілдері басым сайлау коллегиясы 53 жастағы бұрынғы футболшы және оңшыл популист Михаил Кавелашвилиді Грузияның келесі президенті етіп сайлады. Инаугурация 29 желтоқсанға жоспарланған.
Грузияда үкіметке қарсы наразылық акциялары өтіп жатқан шақта биыл өкілеттік мерзімі аяқталатын 72 жастағы президент Зурабишвили ешқайда кетпейтінін мәлімдеген.
«Инаугурация болмайды, мандатым жалғасады», — деді ол 30 қарашада.
ДИПЛОМАТ VS ФУТБОЛИСТ
Қос саясаткердің бэкграунды мен саяси көзқарасы екі бөлек.
Саломе Зурабишвили Францияда 1921 жылы Қызыл әскер басқыншылығынан Еуропаға қашқан грузин эмигранттар отбасында туған. Ондаған жыл бойы француз дипломаты болып істеген, 2004 жылы Грузияның сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Саяси қызметі жоғарылаған сайын, Грузия қоғамының қалада тұратын прогрессивті бөлігінің қолдауына ие бола бастады, елдің Еуроодаққа қосылуын қолдады.
Грузияның Еуроодаққа қосылу процесін тоқтатқан үкімет шешіміне қарсы қарсылық тұтанған кезде Зурабишвили екі апта бойы көшеге шыққан наразыларды жақтады. Билік наразыларды, оппозиционерлер мен журналистерді қудалап, қуғын-сүргінге ұшыратты.
«Грузин арманы» партиясы 2018 жылы президент сайлауындағы жетістігі үшін басында Зурабишвилиді қолдаған. Кейін президенттің оңшыл партияның жолындағы үлкен кедергі екенін түсінді. Зурабишвили ресми түрде ешқандай партияның өкілі емес. Ал президент лауазымы символикалық рөлге ғана ие. Зурабишвили “Грузин арманы” билеуші партиясын авторитар позициясы үшін сынайтын.
Зурабишвили өзін демократия жолындағы күрескер етіп көрсетсе, ал Кавелашвили өзін халық арасынан шыққан қарапайым грузин деп көрсетуге тырысып бақты. Ол — Швейцария, Ұлыбритания мен Ресейде ойнап, табысты карьера жасаған танымал футболшы.
2016 жылы Кавелашвили парламентке өтіп, «Халық билігі» партиясын құрды. Бұл — “Грузия арманы” партиясының Батысқа қарсы радикалды тармағы. Бұрынғы футболшы ауылды өңірлерде тұратын консервативті халықты қарата сөйлеген сөзінде Батыс либерализмін «Грузияның дәстүрлі құндылықтарына» қарсы қояды. Ол иммиграция мен ұлттық тәуелсіздік тақырыбына келгенде қатаң позиция ұстанады.
“Грузин арманы” партиясы мен оның негізін қалаушы миллиардер Бидзин Иванишвили Кавелашвилиді қолдайды.
«Ол — грузин азаматының ең үздік үлгісі. Жақсы күйеу әрі төрт баланың әкесі», — деген Иванишвили 27 қарашада президенттікке үміткер Кавелашвилиді таныстырған кезінде.
ДАУЛЫ САЙЛАУ
Қазіргі қайшылықтарға жақында өткен парламент сайлауы түрткі болды. 26 қазанда өткен сайлауда «Грузин арманы» партиясы 54 пайызбен жеңіске жеткенін хабарлады, ал бірлесіп жұмыс істеген 4 оппозициялық партия 38 пайыз дауыс жинады.
Халықаралық бақылаушылар мен оппозиция өкілдері сайлау нәтижесі бұрмаланды, дауыс беру кезінде көп заңбұзушылықтар болды деп сынады. Зурабишвили халықтың дауысын ұрлауға Ресей көмектескенін айтып, сайлау коллегиясын легитимсіз деп атады.
Зурабишвили — Грузияда халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланған соңғы президент. 2017 жылы Грузия Конституцияға өзгерістер енгізіп, тікелей емес президент сайлауына көшті. Бұл парламенттік демократияны нығайтады, саяси поляризацияны азайтып, президент құзыреті шектеулі еуропалық нормаларға жақындатады деп түсіндірілді.
Реформаны сынаушылар “Грузин арманы” партиясы саяси бәсекені әлсіретіп, парламент және үкімет билігіне қатысты ықтимал шектеулерді бұзу мақсатында билікті басып алды дейді.
ШИЕЛЕНІС АРТЫП КЕЛЕДІ
2012 жылы билікке келгелі “Грузин арманы” партиясы авторитар позициясы, сайлау нәтижесін бұрмалап, ақпарат құралдарының қызметіне кедергі келтіргені үшін сынға қалған. Кейінгі бір жылда АҚШ пен Еуроодақ Грузияның ЛГБТ-ға қарсы және шетел агенттері туралы даулы заңдар қабылдауын құптамады. Қос заңды да Кавелашвили қуана қолдаған.
Тбилисиде мыңдаған грузин наразылыққа шығып, полиция оларға қарсы күш қолданып жатқан шақта Зурабишвили президент сарайының ішінде "өз бетінше" "қарсылық танытпақшы" деген сыбыс бар. Наразылардың көбі полиция сайлау алдында наразылар жүрген Руставели даңғылын күшпен тазартуы мүмкін деп қауіптенеді.
Сайлау 14 желтоқсан таңғы 9-да басталды, ал нәтижесі дәл сол күні жарияланды. ОСК мәліметінше, Кавелашвилиге сайлаушылар коллегиясына мүше 300 адамның 224-і дауыс берген.
Сайлау коллегиясының құрамында оппозиция өкілдері де бар, бірақ олар дауыс беруге қатысудан бас тартты. Сайлауда бір ғана кандидат болғандықтан, екінші кезең болмайды.
Грузияда мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. 1991 жылы мамырда Звиад Гамсахурдия бірінші президент болып сайланып, кейін мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде биліктен тайдырылған. Ол қуғында жүрсе де, билігін беруден немесе Совет Одағы тұсында сыртқы істер министрі болған Эдуард Шеварднадзе бастаған жаңа үкіметті мойындаудан бас тартты.
1993 жылы Гамсахурдия Грузияға оралып, қарулы қарсылық көрсетті. Бірақ нәтиже шығара алмады. Ол сол жылы жұмбақ жағдайда көз жұмды.
Оппозиция мен белсенділер 14 желтоқсандағы президент сайлауының нәтижесін мойындамауға бел буған тәрізді. Кей грузиндер, әсіресе, демонстрацияның әсері тимегендер Кавелашвили мен билеуші партияны қолдайды. Ал Зурабишвили наразылар арасында танымал. Полицияның қатыгездігі грузиндердің көбін жаға ұстатты.
«Мені көшеге шыққан адамдар қорғайды», — деді президент 1 желтоқсанда BBC-ге берген сұхбатында. «Билеуші партия өз алдына оқшау қалды деп ойлаймын, алдағы уақытта бұрынғыдан да оқшау бола түседі».