Accessibility links

«Батыс» әскери аймағы басшылығы қызметінен алынды


Төрт әскеридің жаттығу кезінде қаза табуына байланысты Ақтауға келген Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов офицерлермен сөйлесіп тұр. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің суреті Маңғыстау облысы, 19 қыркүйек 2015 жыл.
Төрт әскеридің жаттығу кезінде қаза табуына байланысты Ақтауға келген Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов офицерлермен сөйлесіп тұр. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің суреті Маңғыстау облысы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Ақтаудағы әскери жаттығу барысында төрт әскери қызметшінің қаза табуына байланысты әскери прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Алдын ала тексеру және тергеу қорытындысы бойынша Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің шешімімен полковник Мұрат Нұғыманов «Батыс» әскери аймағы қолбасшысы қызметінен босатылған. Бұл туралы бүгін қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен бірге, министрдің шешімімен «Батыс» әскери аймағы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Ризат Қолпашев, «Батыс» әскери аймақ қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Мерген Қапашев, теңіз жаяу әскері бригадасының командирі подполковник Ерболат Толықбаев та қызметтерінен босатылған. «Олардың бұдан арғы жауапкершілігін әскери прокуратураның тергеу шараларының нәтижесі бойынша сот органдары анықтайтын болады» деп хабарлады қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі.

Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов министрге төрт әскери қызметшінің қазасына әкеп соқтырған оқиғаны тексерудің алдын-ала қорытындысын баяндаған.

«Алғашқы тексеру нәтижелері көрсеткендей, аталған қайғылы оқиға десантты-түсіру құралдары жоқ кезде теңіз десантын түсіру практикалық эпизодын орындау барысында дұрыс шешім қабылдамау салдарынан болғандығы анықталды» делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін қорғаныс министрлігі жұма күні Ақтауда «Орталық-2015» әскери жаттығуы кезінде Каспий теңізінің Қазақстанға тиісті тұсында төрт сарбаздың суға батып опат болғаны туралы хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG