Петропавлда белсендіні полиция үйінен алып кеткені хабарланды. Тағы бір адам бөлімшеге шақыртылды

Нұрбол Өнерхан

Петропавлда белсенді Нұрбол Өнерханды полиция үйінен әкетті деп хабарлады Амангелді Жахин. Оның сөзінше, полиция оны 20 қарашада Астанада оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясы әділет министрлігіне тіркеуге құжат тапсырған кезде ғимарат сыртында "заңсыз акция жасады" деп айыптаған.

"Нұрбол Өнерханды үйінен алып кетті. Ол Солтүстік Қазақстан облысында ауылда тұрады. Сотқа апарамыз деген" деді Амангелді Жахин Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, өткен айда партияны тіркеу туралы министрлікке өтініш тапсыруға барған кезде Нұрбол Өнерхан бармаған.

"Ол кезде аз адам ғана болдық. Нұрбол ол кезде ауырып жатты ғой деймін" деді ол.

Нұрбол Өнерханның белсенділерге жіберген видеосында өзін полиция майоры деп таныстырған Александр Кузьков есімді қызметкер оған 667-бап ("полицияға бағынбау") бойынша да айыпталып отырғанын айтады. Белсенді екі полиция қызметкерінің бірінің куәлігінің мерзімі жарамсыз екенін ескертеді. Ал полиция майоры оның куәлігі ауыстырып жатқанын айтады.

Әзірге белсендінің телефоны сөндірулі тұр. Солтүстік Қазақстан облыстық полициясының баспасөз қызметі белсендінің ұсталуы жөнінде ақпаратты анықтап, өздері қайта хабарласатынын айтты.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының белсенді мүшесі Амангелді Жахиннің сөзінше, оны да полиция Тимур Дәнебаевтың сотына қатысқаны үшін бөлімшеге шақырған.

"Қыркүйек айында Көкшетауға Тимур Дәнебаевтың сотына барғанбыз. Сол сотта болдық. Сосын шығып соттың алдында "Тимур Дәнебаевқа бостандық берілсін" деп айтқанбыз. Бес-алты адам ғимарат алдында тұрды. Ешқайда шыққан жоқпыз. Енді маған учаскелік полиция қызметкері "сіз заңсыз акцияға қатыстыңыз, сізге хаттама толтырамыз" деп жазды. "Көкшетауға келе аласыз ба?" дейді. "Бара алмаймын" дедім. Онда "Қазпошта" арқылы жібереміз деді. Енді сол келеді. Үйден шықпай отырмын сол" деді Жахин Азаттыққа.

Бұған дейін "Ар.Рух.Хақ" қоғамдың қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 16 желтоқсан және 4-5 қаңтар күнгі оқиғаларды еске алу күндері қарсаңында елде "профилактикалық әңгімелер үшін" белсенділердің ұсталып жатқаны жөнінде ақпарат түсіп жатқанын айтып, белсенділерді сақ болуға үндеген.

"Алда сонымен бірге 16 желтоқсан және 4-6 қаңтар. Бізге "профилактикалық әңгіме" жүргізу үшін демократия, адам құқығы, еркіндік және амурлық екі барыс туралы пікір білдірген "сенімсіз" жазбаларды өшіру мақсатында белсенділерді ұстағаны жөнінде ақпараттар түсе бастады...Белсенділерды 5-6 қылмыстық баппен және қамаулармен қорқытып жатыр. Әлеуметтік желіде пікірлеріңізді жазған кезде сақ болуға кеңес береміз" деп жазды құқық қорғаушы.

16 желтоқсанда Қазақстанда Тәуелсіздік күні атап өтіледі.

16 желтоқсан – Қазақстанның жаңа тарихында екі оқиғамен байланысты. Осыдан 36 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының да үш жылдығы таяп келеді.

Сарапшылар осы үш қантөгістің шындығы әлі ашылмады деп санайды.