Өзбекстанда 22 жастағы студент Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бес жылға шартты түрде сотталды. Бұл жөнінде сот материалдарына сүйенген Kun.uz сайты хабарлады.
Сотта студент 2021 жылы Мәскеудегі жеке жоғары оқу орнына түскенін, былтыр жазда құжаттары дұрыс болмағандықтан полицияға жеткізілгенін айтқан.
"Ол жақта мені Ресейге депортациялап, қылмыстық іс қозғайтынын айтты. Егер армияға қосылсаң, Ресей азаматтығын береміз деп уәде берді. Мен өз еркіммен келістім" деді студент.
Ізінше ол қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, бір жарым ай әскери дайындықтан кейін соғысқа жіберілген.
Өзінің сөзінше, ол 2023 жылы күзде – Луганск, 2024 жылы ақпанда Донецк облысындағы әскери қимылдарға қатысқан. Жарақаттанғаннан кейін госпитальға түскен. Ресей азаматтығын алған. Әскери қызметкермен даудан кейін министрлікпен келісімшартты үзіп, Өзбекстанға оралған.
Өзбекстанда бұған дейін де бірнеше азамат Украинадағы соғысқа қатысып, сотталған. 2024 жылы қыркүйекте "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясына жалданған өзбек азаматының бостандығы төрт жылға шектелді. Қазанда тағы бір өзбек азаматы үш жылға сотталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдегі мобилизация Орталық Азиядан барған мигранттарға сор болды