Германияда ер адам көлікпен базардағы жұртты қағып өткен

Магдебург, 20 желтоқсан 2024 жыл

Германияның шығысындағы Магдебург қаласында бір ер адам көлікпен Рождество базарына келушілерді қаққан. Соның салдарынан 60-тан астам адам жарақаттанып, кемінде екі адам қаза болған. Бұл жөнінде жергілікті үкімет жетекшісі Райнер Хазелофф хабарлады. Ол қаза болғандар артуы мүмкін екенін, көп адам зардап шеккенін айтты.

Күдікті ретінде 50 жастағы саударабиялық ер адам ұсталды деп хабарлады BBC ақпарат агенттігі.

Жергілікті жедел көмек қызметі оқиғаны "шабуыл" деп бағалады. Қайғылы оқиғаның жай-жапсары әлі зерттеліп жатыр.

AFP агенттігінің жазуынша, BMW көлігі базар мен оның маңында жүрген топты қағып, шамамен 400 метр жүрген. Хазелоффтың сөзінше, күдікті адамдарды қасақана қаққан болуы мүмкін. Әзірге, оның сыбайластары болды деген тұжырым жасауға негіз жоқ.

Германия канцлері Олаф Шольц қаза болған азаматтардың отбасына көңіл айтты. Ол сенбі күні қайғылы оқиға болған орынға бармақ.