АҚШ өкілдер палатасы үкіметтің үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады

Өкілдер палатасының спикері республикашыл Майк Джонсон журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр.

АҚШ өкілдер палатасы жұма күні үкіметтің үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады.

Құжатты 366 конгрессмен қолдап, 34 конгрессмен қарсы шықты деп жазды "Америка дауысы".

Құжатты сенат мақұлдаса, президент Джо Байденге қол қоюға жіберіледі. Ақ үй үкіметтің жұмысы тоқтамас үшін Байден оған қол қоятынын айтты.

Заң жобасы үкіметті қаржыландыруды 14 наурызға дейін қазіргідей деңгейде қалдыруды, табиғи апаттың салдарын жоюға шамамен 100 млрд доллар бөлуді, фермерлерге экономикалық көмек ретінде шамамен 10 млрд доллар қаражат бөлуді қарастырады. Бірақ ол мемлекеттік қарыз көлемін ұлғайтуды қарастырмайды. Бұған дейін қайта сайланған президент Дональд Трамп қарыз көлемін арттыруды қолдаған еді.

Үкімет жұмысының тоқтауы құқық қорғау органдары мен ұлттық парк қызметтерінің үзіліссіз жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, миллионға жуық федералдық қызметкерді айлықсыз қалдыруы мүмкін еді. АҚШ-тың туризм қауымдастығы үкіметтің жабылуының салдарынан әуе компаниялары аптасына $1млрд шығынға батуы мүмкін деп ескерткен.