"Бұл – нокаут". Азия чемпионатындағы Қазақстан-Өзбекстан бәсекесі қалай аяқталды?

Махмұд Сабырхан Азия чемпионы атанған сәт. Таиланд. 11 желтоқсан 2024 жыл. (Сурет: Спортты дамыту дирекциясы)

Чиангмайда (Таиланд) өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы 5 алтын, 4 күміс, 1 қола медальмен жалпы есепте Өзбекстаннан (8 алтын, 2 күміс, 1 қола) кейін екінші орын алды.

Париж олимпиадасына қатысқан Махмұд Сабырхан (54 келі) және Айбек Оралбай (+92 келі) Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ Азия ойындарының қола жүлдегері Сағындық Тоғамбай (92 келі) мен 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов алтын медаль иеленді.

71 келіде Абылайхан Жүсіпов финалда өзбек Хавасбек Асадуллаевтан жеңілген еді. Бірақ финал кезінде Асадуллаев Жүсіповті тістеп алғаны үшін нәтиже өзгертіліп, алтын медаль қазақ бокшысына берілді.

67 келінің финалында қазақстандық Дулат Бекбауов пен өзбекстандық Мужибилло Турсунов бокстасып, төрешілер жеңісті Турсуновқа берген. Қазақ боксшысы төрешілер шешімімен келіспей марапаттау рәсіміне шықпай қойды.

Қазақстан боксшыларының финалдағы нәтижесі төмендегідей:

  • 48 кг. Санжар Тәшкенбай- Шодиержон Меликузиев (Өзбекстан) – 1:4
  • 54 кг. Махмұд Сабырхан - Шахзод Музафаров (Өзбекстан) – 4:1
  • 57 кг. Оразбек Асылқұлов - Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан) – 0:5
  • 67 кг. Дулат Бекбауов - Мужибилло Турсунов (Өзбекстан) – 2:3
  • 71 кг. Абылайхан Жүсіпов - Хавасбек Асадуллаев (Өзбекстан) – 1:4 (Жеңіс кейін Жүсіповке берілді)
  • 75 кг. Диас Молжігітов - Джавохир Умматалиев (Өзбекстан) 0:5
  • 86 кг. Бекзад Нұрдәулетов - Жасурбек Юлдошев (Өзбекстан) – 4:1
  • 92 кг. Сағындық Тоғамбай - Парвиз Каримов (Тәжікстан) – 5:0
  • +92 кг. Айбек Оралбай - Ремула Абудурексити (Қытай) – 5:0

Таиландағы Азия біріншілігінде негізгі бәсеке Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасында өтті. Жанкүйерлер екі елдің бокс рингіндегі бәсекесіне көз тігіп, жиі талқылайды. Бокс тақырыбында жазатын қазақстандық журналист Леонид Юрьев "Бей в кость" телеграм-арнасында бұл жолы Өзбекстан Қазақстаннан "нокаутпен басым түсті" деп топшылайды.

"Өзбекстан 2022 жылғы Азия чемпионатында, 2023 жылғы әлем чемпионатында, 2023 жылғы Азия ойындарында және Париж олимпиадасында Қазақстанның алдында болды. Таиландта 2:5 есебімен Өзбекстан басым болды. Бұл – нокаут. Өзбекстан Азия біріншілігіне негізінен екінші құрамын алып келді. Солардың ішінде бесеуі біздің бірінші нөмерлі боксшыларды жеңді" деп жазды ол телеграм-арнасында.

Бекзат Нұрдәулетов Азия чемпионы атанған сәт. Таиланд. 11 желтоқсан 2024 жыл. (Сурет: Спортты дамыту дирекциясы)

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарыстан соң журналистерге "48 және 71 келідегі финалдың нәтижелеріне енді әттеген-айлар болды. Басқа салмақтағы нәтижелерге қарап, өзімізде қандай кемшіліктер барын көрдік. Кемшіліктермен жұмыс істейміз. Физикалық, техникалық дайындықты күшейту керек болады. Боксшыларды көбірек шыңдаймыз" деді.

Таиландтағы Азия чемпионатын ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA ұйымы өткізді. Бұл ұйымды Халықаралық олимпиада комитеті олимпиада өткізу құқығынан айырған. Қазақстан алдағы уақытта Батыс елдері құрған World Boxing ұйымына өтпек. Жаңа ұйымның олимпиадалық комиссиясын қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин басқарады. 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін олимпиаданы World Boxing ұйымдастыруы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық боксшы қыздар Азия чемпионатында 5 алтын жеңіп алды