1986 жылғы 17 желтоқсан күні таңертең Алматыдағы Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) қаладағы оқу орындарында білім алып жүрген және кәсіпорындарда жұмыс істейтін студент және жұмысшы қазақ жастары жиналды.
Содан бір күн бұрын, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ ССР компартиясы орталық комитеті шұғыл пленум өткізіп, ұзақ уақыт бірінші хатшы болып істеген Дінмұхаммед Қонаевты қызметтен босатып, орнына Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Геннадий Колбинді тағайындаған.
Орталық алаңға бейбіт шеруге шыққан жастар Қазақстанға бейтаныс адамды басшы етіп тағайындаған Мәскеудің шешіміне наразы екенін айтып, талап-тілегін билікке жеткізуге талпынды.
Шеруге шыққандардың қолында совет көсемі Владимир Лениннің ұлт саясаты жайлы сөзінен үзінділер, халықтың пікірін ескеруге шақырған, мысалы, "Әр ұлтқа өз көсемі!" деген және тағы басқа жазулар бар плакаттар болған.
Алматының орталық алаңыңа жиналған адамдар
Алаңға жиналғандар арасында студент және жұмысшы жастар, Алматыдағы түрлі мекеме, ұйымдардың қызметкерлері болды.
Желтоқсанда Алматы алаңына шыққандар республика халқы үшін маңызды мәселелер қабылданған кезде жариялық болсын деген талап айтты. 1986 жылғы 25 ақпанда Мәскеуде ашылған Совет одағы коммунистік партиясының 27-съезінде жасаған саяси баяндамасында бас хатшы Михаил Горбачев елде өзгерістер жүргізгенде жариялық болуы қажет екенін алғаш рет мәлімдеген еді.
Алматының орталық алаңына жиналған жастар.
Алаңға жиналғандар ақын Жұмекен Нәжімеденовктің өлеңіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әнін бірге шырқап тұрды.
Алаңда тұрған жастардың бірі.
Оқиға куәгерлері алаңда халық көп болғанын, жастар бірігіп ән шырқап, бейбіт шеруде тұрғанын айтады.
Шеруге қатысқандардың сөзінше, алаңға жиналған жұрт өздерін толғандырған сұраққа билік толымды жауап береді, я Дінмұхаммед Қонаев ел алдына шығып, жағдайды түсіндіреді деп күткен. Бірақ алаңдағы мінберге шыққан үкімет шенеуніктері мен өзге де адамдар: "Бұларың дұрыс емес, қайтыңдар, әйтпесе жаман болады" дегеннен басқа жарытып ештеңе айтпады дейді куәгерлер.
17 желтоқсанда ымырт үйіріле бастаған шақта алаңда таңертеңнен бері тұрған мыңдаған қыз-жігітті тарату үшін билік арнайы жасақ күшін қолдана бастады.
Қыстың аязды күні өрт сөндіретін мәшинемен жастарға су шашты, алаңнан тарауға көнбегенін резеңке таяқ және сапер күрегімен ұрып, итке талатты деп еске алады сол күні алаңда болғандар.
Қақтығыс кезінде жарақат алған жастарды жақтастары оңаша шығарып алып, көмек көрсетіп жатты.
Күндіз ғана бейбіт адамдар жайбарақат тұрған алаң құдды бір шайқас орнына айналып кеткендей болды. Арнайы жасақ күш қолданып, қолға түскен жастарды алаң шетіндегі көлікке тией бастады.
Азаттық 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда совет өкіметіне талабын жеткізбек болып алаңға шыққан жастардың бейбіт шеруі кезінде түсірілген суреттерді ұсынады. Суреттер Алматы қаласының орталық мемлекеттік архивінде сақталған.